ЕРУЛІК / Отбасы тұрмыс дәстүрі

Ерулік (салт). «… екі ауыл бір біріне  ерулік беріп, шақырысып араға  аяқ табақ қатысып қалды» (Ә.Нұрпейісов). Ауыл ортасына  жаңа үй көшіп келсе,  қоныстанса сол аылдың адамдары жаңа үйге  «ерулік» деп ас пісіріп табақ тартады. Бұл жаңа  адамдарды бөтенсіретпей өз ортасына тартудың, сыйласудың үлкен белгісі. Мұның әлеуметтік, қоғамдық мәні де бар. Мысалы жаңа көшіп келген үйде отын, су болмайды. Оны әкелуге  біраз уақыт керек. Міне, кең ойлап, терең толғайтын  қазақ салты мұны да ұмытпаған.

Advertisements

БӘСІРЕ /Тәрбие дәстүрі

Бәсіре (дәстүр). «Жастайынан бағып ем, Бәсіре ғып торы тайым» (Х.Талғаров). Бала  туған кезде немесе есі кіріп, оң солын таныған соң, «сүндет тойына» немесе мектепке барғанда атасы немесе мектепке барғанда атасы немесе өз әке шешесі оған тай атайды. Оны «бәсіре» тай дейді. Бала оны ерекше күтімге алады, бағады, үйретеді. Және сол арқылы мал бағуға, еңбекке үйренеді. «Бәсіре» атау баланың көңілін өсіреді, өмірге бейімделеді. Өз қатарына «бәсіре тайым бар» деп мақтанып, өсіп жүреді. Мұның бәрі баланың көңілін өсіріп, ынталандырып тәрбиелеудің бір жолы.

БАСТАҢҒЫ /Тәрбие дәстүрі

Бастаңғы (салт).… Жастар «бастаңғы» деп аталатын тамақ істеп  бас қосады.(К.Сегізбаев). Үйдің үлкендері жол жүріп кеткенде ауыл жастары сол үйге жиналып, «жолаушылардың жолда басы ауырмасын, бастаңғы жаса» дейді. Бастаңғының мәнісі жастардың сол үйде ойын сауықта бас қосуы. Дәстүр бойынша бұған тиым салуға болмайды. Бастаңғыны жастар жасайды.

БАЙҒАЗЫ / Тәрбие дәстүрі

Байғазы (дәстүр).Уа сатира сарбазы, Адырнаңа байғазы! (С.Әбілкәкімов).Байғазы  балалардың, жастардың жаңа киімі үшін берілетн ақшалай, заттай сый.Байғазы сұраудың еш артықтығы жоқ. Жеңгелері, шешелері «байғазыға байдың қызы» деп те атайды. Байғазы балалардың көңіл күйін көтеретін дәстүр.

БАЗАРЛЫҚ/Тәрбие дәстүрі

Базарлық (дәстүр). «Күйеуінің базарлығы екен ғой, деді Ақбала ішінен».
(Ә.Нұрпейісов). Алыс сапарға саяхатқа, сауда жолына шыққан адамдар жерлестеріне, көрші көлемдеріне, сыйлас адамдарына, жас балаларға ірілі ұсақты сыйлықтар әкеледі. Оны «базарлық» деп атайды. Бұл жақсы көрудің, сыйластықтың белгісі және ескерткіші ретінде қабылданады.

ТҰСАУКЕСЕР/ Тәрбие дәстүрі

Тұсаукесер (салт).
Тұсауыңды кесейін,
Күрмеуіңді шешейін.

Сәбиді қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген тілекпен жасалатын ғұрып, ырым. Ол үшін арнайы ала жіп дайындалады. Сол жіппен баланың аяғын кәдімгідей тұсап оны аяғын жылдам басатын әйелге қидырады. Сүріншек, жайбасар адамдарға кестірмейді. Тұсауы кесілген баланы қолынан ұстап тез жүгіртеді, шашу шашылады. Баланың ата анасы тұсау кесушінің кәдесін береді. Тұсаукесердің арнаулы жыры бар. Мысалы:

Қаз қаз балам, қаз балам,
Қадам бассаң мәз болам.
Тағы, тағы баса ғой,
Тақымыңды жаз балам.
Қаз баса ғой, қарағым,
Құтты болсын қадамың!

Тұсау кесердің жібін дайындаудың бірнеше түрлері, жолдары, сенімдері де бар. Көбейіп, көгере берсін деп көк шөптен есіп жасайды. Бай болсын деп малдың тоқ ішегінен де өреді. Адал болсын деп ала жіптен де жасайды.

АСЫРАП АЛУ/Тәрбие дәстүрі

ca6tpp06.jpgАсырап алу (ғұрып). Баласы жоқ адамдар біреудің баласын асырап алуы ежелден бар қағида. Мұның да жөн жоралары бар. Мысалы, жаңа туған баланы асыраушы анасы шаранасынан етегіне салып алады. Қазақтың ежелгі заңы бойынша асыраушы адам жаңа туған балаға атын қойып, оң қолына асық жілік ұстатады. Асық жілік ұстаған бала сол үйдің баласы деп есептеледі. Кейде баланың өз әке-шешесі балаға таласқан жағдайда асыраушы адам «оң қолына асық жілік ұстатып едім ғой» деп дауласады. Бұл үлкен дәлел, куәлік есебінде жүреді. Осыдан кейін сол үйдің әйелі перзентті болса, онда асырап алған баланы бұдан былай «майқұйрық» деп әлпештеп, оны бұрынғыдан бетер жақсы көреді. Алайда, бала қайтыс болған жағдайда оның туған әке-шешесінің аты айтылып, жаназасы шығарылады.