ҚОЯН

Ерте, ерте ертеде, қоян әркім артынан түсе берген соң, тым қатты ыза  болыпты:

 - «Мен әркімнен қорқа берсем керек, меннен ешкім қорықпайды. Бүйтіп  жүргенше  суға  түсіп өлгенім жақсы», – депті.           

Суға  қарай  жүгіріп келе  жатқан мезгілде,  өзін өзі өлтірмекші бопты. Сонда су бойында жатқан қойлар  үркіп барып, басқа қойларды апалаң – топалаң үркіттіріп жібереді.            

Сонда қоян ойлайды: «Мененде қорқатын хайуандар бар екен. Өздері үлкен, бүкіл бір төбе», – деп көңілі жай болып, райынан қайтыпты.  

ТҮЛКІ МЕН ҚОЯН

Әуелде  түлкінің құйрығы жоқ еді. Құйрығының  жоқтығы оған  бек қатты  залал  келтірген, өйткені жүрген  ізін  жасыра  алмайды. Әрдайым түлкінің  артына  түсіп аңдып жүріпті.  Бір күні  қасқыр  барып  оның ініне  кіреді.  Егерде  түлкі  інінің  басқа  жағындағы аузынан шығып кетпесе өлтіріп тастар еді.

          Әлден соң  түлкі ағаш ішіне  кіріп кетіп, ағаштың түбінде тұрған қоянды көреді. Ол мезгілде қояндардың құйрығы ұзын болып, шапшаң жүргендеріне ыңғайсыз болып тұрушы еді. Сол жерде түлкі қоянды ұстап алып, өлтірмекші  болып  жатқанда  қоян  сұрайды:

-          «Мені  өлтірме, саған  құйрығымды берейін», деп уәде қылады.

Мұнысына түлкі көніп, екеуі сол жерде  құйрықтарын айырбастапты.

Сонан бері түлкінің  құйрығы ұзын болып, қоянның құйрығы қысқа  болып қалыпты.

ТҮЛКІ, ТАСБАҚА МЕН КЕНЕ

Баяғы  заманда бір түлкі, бір тасбақа және бір кене – үшеуі жолдас болып  келе жатса, бір жерде  бір уыс тары  жатыр екен. Үшеуі ойласып:

-          Мұны тұқым  қылып, жерге  егіп, көбейтіп, бөліп алайық,- дейді.Түлкі бір жарды  көріп:

-         Мен осы жарды сүйеп тұрайын, болмаса құлап кетер, – деп, көлеңкені саялап, жатып алады.

Тасбақа  байғұс жер  тырналап, кене сорлы  тарыны жиып, егіп әлекке түседі. Сөйтіп, көп бейнет шегіп, піскен соң ол тарыны орып алады. Бастырғанда бір аяқ тары болады. Біреуі барып, түлкіні шақырып келеді. Түлкі келе сала:

-        Бұл тарыны  үшеумізге  бөлуге  болмайды. Үшке бөлгесін бұл әрқайсымызға қаншадан тиеді дейсің. Онан  да үшеуміз жарысып, қай озғанымыз алайық, – дейді.

-      Мақұл! – деп, үшеуі бір жерге  келіп,  қатарласып тұрады.Түлкі:

-      Ал кеттік! – деп, жөней бергенде, кене  түлкінің башпайына жабысып, бірге кетеді. Түлкі өліп-өшіп, барынша жүгіріп келіп, қырманға отыра бергенде, кене:

-    Ай, сорлы мені басып өлтіресің бе? – дейді.

-    Ой, сен қашан келдің? – дейді түлкі.

-    Сен бағана «Ал кеттік!» дегенде-ақ мен келіп   қалғанмын!-дейді кене.

Екеуі дауласып жатқанда, аузы-мұрны қан-қан болып, тасбақа  келеді. Келе сала:

-      Ойбай, түлкі, мен бір бәле көріп  келдім! Жаңа сендердің артыңнан  екі қарагер аты бар, қара бүркіті бар  және  екі тазысы бар екі адам келіп, жаңағ  қасыңдағы түлкі жолдасынды тауып бер деп, менің аузы-мұрнымды қан қылды.Сонда да айтқаным жоқ, осы жаққа қарай келе жатыр, – дейді.Түлкі:

-       Айналайындар-ай, мені айта көрмеңдер! Мына тарыны екеуің тең бөліп ал, мен сендерге  риза болайын. Олар келсе: «Білмейміз қайда кеткенін» деңдер, – деп, тұра жөнеліпті.

Сөйтіп, тарыны  тасбақа мен кене  бөліп алыпты. 

ТОРҒАЙ МЕН АДАМ

Өткен  заманда  бір саясатшы  тор құрып қойса, торына  кішкене  бір торғай  түсіп қалыпты. Торғайды адам қолына  ұстап үйіне апара жатса, торғай тілге  келіп былай депті:

-          Мен  кішкене торғаймын, союға жарамаймын, қапасқа  салсаң құсалықпен өлемін. Мені  еркіме қоя бер, кең дүниеге жібер. Ақысына сізге екі ауыз ақыл айтайын, – депті.

-          Кәне, ақылыңды айт, – депті адам.

-          Жарайды, бір ауызын  қолында , бір ауызын жерге  түскен соң айтайын. Өйткені  қос қолдап қысып  тұрғанда, өкпем қысылып  ештеңе  айта алмаймын, – депті торғай.

Аңшы босатыпты.

-       Бірінші – өткен іске өкінбе, екінші-көзбен көрмей  сенбе! – депті. Торғай  анадай  жерге  қонып отырып: – сен ештеңені білмедің,  менің бөтегемде  жұдырықтай гауһар бар еді, – дейді. Адам қонып  отырған торғайды ұстауға  тұра ұмтылыпты. Торғай  әр жерге  ұшып  қонып  ұстатпайды. Адам қуып қоймаған соң адамға былай дейді: «Менің жаңағы  айтқан  өсиетіме түсінбепсің, өзің ақылыңа салшы, менің өзім жұдырықтай жоқпын, менің бөтегеме ондай   зат қалай сыяды? Бұл бір. Екінші – мен  саған  ұстатпаймын, қанатым бар. Сондықтан өткен іске өкінбе» – деп  ұшып кетіпті.

ТЫШҚАН МЕН ЖЫЛАН

Бір  тышқан  тамақ аулап, ініне  қайтып келсе,  онда  бір жылан  жатыр екен.  Тышқан мұнан  жаман қорқып,  қуып шығаруға батпай, ақыл сұрай,  өзінің қайғысын айтқалы  көршілеріне  барады. Ақылды тышқандар  жиылысып  отырып, кеңесін айтыпты:

-          Сен  ол  інді  тастап, өзге  ін  қазып ал. Жылан  сенің ініңді  тартып алғаны әділдік емес, бірақ  оған  қылар  еш  айла жоқ. Оған  тиіп  не қыласың? Мазасын ала берсең, өзіңді  жеп  қояды, оған  ештеңе қыла  алмайсың.Тышқан бейшара қайғырса да,  үндемей қойыпты. Бірақ  қалай кегін алуды ойлайды.

Бір күні сейілдеп келе жатса, інінің аузында  жыланның  күн шуақты  жылынып жатқанын көріпті. Жанында бір кісі  ұйықтап жатыр екен. Тышқан  барып оның  мұрнын  тістеп алып, жыланға қарай  тұра  қашыпты. Кісі  оянып, тұра  қуады. Қараса, алдында  жатқан  жыланды көреді. Тышқаннан  мұның зияны көбірек  болған соң, кісі жыланды өлтіруге алданып қалыпты да, тышқанды қоя беріпті.

Сөйтіп, кегі қайтқан  тышқан  өз ініне  келіп тұрыпты.

КҮШІК ПЕН МЫСЫҚ

 Бір күні  қарны ашқан күшік  тауда  қаңғып жүрсе,  қасқыр  жүгіріп  келіп:           

 - Ей, күшік, мен сені  жеймін! – депті.           

 - Қой, көкешім, қой! Әуелі  мені тойғыз,сонан соң жерсің, – депті күшік.           

Қасқыр:           

- Жарайды, жарайды! Менің соңымнан қалмай  ере  бер, – депті.            

 Екеуі бірге  келе жатып, бір топ  сиырды көріпті. Қасқыр  өзінің жолдасына қарап:           

 - Маған қарашы, менің көздерім, құлақтарым, ауызым, құйрығым қандай екен? – депті.           

 - Сенің екі көзің  шоқтай  қызарып жайнаған, екі құлағың  жымиған,  аузың  арандай  ашылған, құйрығың артқы  екі  аяғыңның  арасына қыстырылып, жас шыбықтай  болып майысқан, – депті күшік.           

 - Мен не қылар екем,  соны қара, – депті де, қасқыр  шапшып  барып,  бір бұзаудың тамағына  жабысады да, тұншықтырып  өлтіріп, күшікті де тойғызады, өзі де тояды.           

 - Мен тойдым, сенің етіңді енді жемеймін. Қош бол! – дейді де, қасқыр желе  жортып, кетіп қалыпты.            

Күшік  бұзаудың  жемтігінің  қасында қалып,  үш күндей  тегін  етке  тойып  жатыпты. Ақырында, іші  пысқан соң, қаңғып жортуылға  шыққан екен,  бір аш  мысыққа кез болып,  оған:           

 - Ей, мен сені жеймін!  - депті.            

- Қой, күшеке, қой! Әуелі мені тойғыз, сонан соң жерсің,  - депті мысық.           

- Жарайды! Менімен  бірге  еріп жүр, -  депті  күшік.           

Біраздан соң бұлар  бір топ  түйеге  келіпті.

Күшік:           

- Мысық! Маған  қарашы:  менің көздерім, құлақтарым,  аузым,  құйрығым, қандай екен? – депті.            

- Несін айтасың! Сенің  көзің бозарып  тұр,  құлақтарың салпайып тұр,  аузың  айқайып тұр, тілің  салақтап,  құйрығың салбаңдап  тұр, – депті  мысық.            

Сонда оған күшік:           

- Енді мен не  қылар  екенмін, көр! – депті.           

Күшік  жүгіріп  барып,  бір түйенің  аяғын  тістейін дегенде  түйе  мұны дәлдеп тұрып,  басқа  теуіп қалыпты, күшік сол арада  сеспей  қатыпты. Сонда мысық  айтыпты:           

- Әй, мақтаншақ! Сен  әліңе қарамай, қиын  іске қолыңды созасың! Сенің етіңді  енді  мен жемеймін, – депті.

Follow

Get every new post delivered to your Inbox.