Тақпақтар үйретейік

Ойыншығым құрастырғыш,
Көрсетеді көмегін.
Кімге көлік, кімге үй,
Құрастырам керегін.
 

Ойыншықтарым көп менің,
Бәрін жақсы көремін.
Кешке дейін жалықпай,
Бірге ойнап жүремін.
 

Ойыншығым қуыршақ,
Не берсем де жемейді.
Еркелігі соншама,
Көтермесем жүрмейді.


Ойыншығым күшігім,
Сүп сүйкімді, жұп жұмсақ.
Шіренгені болмаса,
Отырғандай ұл жұмсап.
 

Ойыншығым қонжығым,
Анасын да білмейді.
Қорбаңдаған аюды,
Түсінде де көрмейді
 

Ойыншығым көжегім,
Қорықпайды, қашпайды.
Тәтті сәбіз ұсынсам,
Ұстай алмай тастайды. 
 

Ұшағым бар ойыншық,
Ұщырмасам ұшпайды.
Айналам деп аспанды,
Шаршағанға ұқсайды.
  

 Ала добым аямай,
Ұрсам жерге өршиді.
Шығып кетіп қолымнан,
Паналады көрші үйді.

Досым маған ойыншық,
Машинасын сыйлады.
Бірақ оның ішіне,
Саусағым да сыймады. 

Ойыншығым торғайды,
Тракторға мінгіздім.
Жер жыртуды үйретіп,
Жолсыз айдап жүргіздім.

Ойыншығым роботтың,
Тілін өзім білемін.
Жасанды темір адамның,
Басқарамын жүрегін. 

Айгөлек ау, айгөлек,
Айдың жүзі дөңгелек!
Айдай толған кезімде,
Би билеймін дөңгелеп!
Айгөлек ау, айгөлек,
Айдың жүзі дөңгелек!

Біз кішкентай балдырған,
Сескенбейміз жаңбырдан.
Төбемізде қол шатыр,
Алдымызда жол жатыр.

Күшік, мысық, балапан,
Қуыршағым балақан.
Кәне, бәрің тұрыңдар,
Ойын сауық құрыңдар. 


Ойыншықтарды шашпаймын,
Түймемді өзім қадаймын.
Жуып жеймін үнемі,
Алма, алмұрт, шиені.
Суды жақсы көремін,
Қашанда таза жүремін.


Бақа, бақа, балпақ,
Басың неге жалпақ?
Темір телпек көп киіп,
Басым содан жалпақ.

Бақа, бақа, балпақ,
Көзің неге тостақ?
Қырдан алыс көп қарап,
Көзім содан тостақ.

Бақа, бақа, балпақ,
Бұтың неге талтақ?
Көп отырдым ерініп,
Бұтым содан талтақ.


Біз кішкентай балдырған,
Сескенбейміз жаңбырдан.
Төбемізде қол шатыр,
Алдымызда жол жатыр.

Кішкентай үлкен емес,
Бір, екі, үш, төрт, бес.
Кішкентайы секірді,
Үлкен бала жүгірді.



Атым менің Ғалым,
Атам менің ғалым.
Ағам менің ғарышкер,
Тоқтар ағай ғарышкер.


Сүт бердім ботаға
Шөп бердім бұзауға.
Дән бердім шөжеге,
Су бердім құлынға.

Бал бал балмұздақ
Бал бал балқаймақ.
Бал бал балақай
Қандай тәтті алақай!

2 жауаптар

  1. Өте жақсы болды кызыма айтып беремін

  2. жақсы өлеңдер, тек қана блог аяды сирек жаңарады. Өзiм тегiн электрондық кiтаптар, өнердi құрамын қадырлеймiн, әсiресе Қазақ қорлары көп емес.

    Кстати? электронные книги скачать беслпатно можно по ссылке в подписи.

Жауап қалдырыңыз